Жаңалықтар

Темір ауданының мүмкіндіктері мол

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Темір ауданына жұмыс сапары кезінде аудан активіне жаңа әкімді таныстырды. Облыс әкімінің шешімімен және Президент әкімшілігі мен аудандық мәслихаттың келісімімен бұрынғы облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов Темір ауданының әкімі болып тағайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, ауданның бұрынғы әкімі Асқар Жүсібалиев Қарғалы ауданының әкімі болып тағайындалған болатын.

Асқар Қазиханұлы сіздердің аудандарыңызда екі жылдан астам жұмыс жасады. Жаман жұмыс жасаған жоқ. Аудан экономикасының дамуына, халықтың тұрмысының, жағдайының жақсаруына, ең негізгісі — осы өңірде тұрақтылықтың болуына күш салып, сіздермен, аудан депутаттарымен және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс жасады. Қарғалының Ақтөбе үшін, әсіресе, облыс орталығы үшін маңызы зор. Қарғалы ауданы жер көлемі, құнарлылығы, сумен қамтамасыз етілуі жағынан өңірдегі ең үлкен аудандардың бірі. Шынын айту керек, өкінішке қарай, кейінгі кездері Қарғалы ауданының көрсеткіштері төмендеп бара жатыр. Тек қана Қарғалы емес, барлық ауданның, жалпы өңірдің мүмкіндігін халқымыз үшін толығымен пайдалануымыз керек. Ауыл шаруашылығына, оның ішінде егін, мал шаруашылығын дамытуға, дәстүрлі емес шаруашылықтарды қолдауға ерекше басымдық беруіміз керек, — деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тағайындаудың мақсатын түсіндіріп, Асқар Жүсібалиевке Темір ауданында атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, жаңа қызметіне табыс тіледі.

Темір — үлкен әрі қиын аудан. Осыны ескере отыра, аудан әкімі етіп Жолдас Қалмағанбетовты тағайындау шешімі қабылданды. Бұл — Президент әкімшілігімен келісілген, аудандық мәслихат депутаттары да бір ауыздан өз келісімдерін берді.  Ол осы жерде дүниеге келді және көп жылдар бойы осында еңбек етті, ауданның ерекшеліктері мен тұрғындарын біледі. Бұл оның өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруына көмектесетініне сенімдімін, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жолдас Қалмағанбетов — 1978 жылы туған, білімі жоғары. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы тамызда Темір ауданының жалпы білім беретін мектебінде бастады. 2004-2009 жылдары Темір ауданының Тасқопа және Шұбарши ауылдық округтерінің әкімі болды. Кейін Темір аудандық білім бөлімінің басшысы, Темір ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды. Былтыр наурыз айынан бері облыстық дін істері басқармасын басқарды. «Осы ауданға келген кезде мен көріп, байқап жүрдім. Оның үстіне, облыста дін мәселесі үлкен проблема болғаннан кейін, әсіресе дәстүрлі емес дінмен айналысатын адам саны көбейіп кеткеннен кейін, 2016 жылғы оқиғаны ескере келе дін істері басқармасына Жолдас Нұрланұлын тағайындаған болатынбыз. Ол жерде 1,5 жылдай жұмыс жасады. Жаман жұмыс жасаған жоқ», — деп облыс әкімі темірліктерге ауданның жаңа әкімін қолдауды әрі бірігіп жұмыс жасау керектігін айтты.

Активте Темір ауданының ақсақалдары мен кәсіпкерлер облыс әкіміне және бұрынғы аудан әкімі Асқар Жүсібалиевке алғыстарын білдіріп, оның жаңа қызметіне табыс тіледі. Мәселен, Хамза Каметов соңғы екі жылда аудан орталығында онға жуық көше асфальтталып, 20 коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілгенін әрі орталықтандырылған су жүйесі іске қосылғанын айтты.

Қазір Шұбарқұдық ауылының түнгі келбетін көрсеңіз, расымен де көз тояды, көңіл марқаяды. Поселкемізде тәртіп пен тазалық орнады. Әрине, мұның барлығы Бердібек Машбекұлы, сіздің тікелей қолдауыңыздың нәтижесі деп білеміз, — деген еңбек ардагері ауданға келген жаңа әкімнің үмітті толықтай ақтайтынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Жолдас Қалмағанбетов өзінің туған жерінде жерлестерінің игілігі үшін ғана жұмыс жасайтынын айтты.

Қырық жас, бір жағынан, аз емес, екінші жағынан, көп те емес. Бірақ, қырық жас жастардың нағыз жұмыс жасайтын кезі. Әкім, әсіресе жас әкімдер таңның атысы, күннің батысы жұмыс жасауы керек, олай етпесе болмайды. Әкім үшін ең негізгісі — ол тынбауы, шаршамауы, жалықпауы, халықпен жұмыс жасауы керек. Таңнан кешке дейін кабинетінде отырмауы керек. Егер ол телефонмен жұмыс жасайтын болса, одан түк те нәтиже шықпайды. Әрине, мұның барлығы жаңа әкімге ескертіліп, айтылды. Асқар Қазиханұлының бастаған жұмысын әрі қарай жалғастырып, берілген сенімді ақтайды деп ойлаймын, — деген Бердібек Машбекұлы Темір ауданының жаңа әкімі алдына бірқатар тапсырмалар қойды. Олардың қатарында аудан экономикасын дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бар. «Ең бастысы — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қандай қиындықтар болмасын, экономиканың даму көрсеткішін төмендетпеу қажет. Өткен 8 айдың қорытындысы бойынша экономиканың даму көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызды құрады. Ағымдағы жылды осы қарқынмен аяқтауымыз керек. Халықтың әл-ауқаты  экономиканың дамуына байланысты», — деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімінің айтуынша, Темір ауданында жыл сайын 2,8 миллион тонна мұнай мен 4 миллиард текше метрге жуық газ өндіріледі. Сондай-ақ, аймақта әлі де зерттелмеген пайдалы қазбалар, соның ішінде сирек кездесетін түсті металдар бар. Ауыл шаруашылығын дамыту, оның ішінде суармалы егіс көлемін ұлғайту да — аудандағы өзекті мәселелердің бірі.

Мендегі ақпараттарға сәйкес, Темір ауданы иелігінде 900 гектар осындай жер бар. Сондықтан мұндай жерді тиімді пайдалану керек. Бұл мақсатта біз қазіргі күні Еуропа қайта құру және даму банкімен әріптестік байланыс орнаттық. Олардан 8 миллиард теңге алдық, енді осы жылы біз аймақта суармалы жер көлемін қосымша 10 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асырудан Темір ауданы да тысқары қалмауы керек. Жалпы алғанда, Ақтөбе облысында суармалы жер көлемі 10 мың гектардан кем болмауы тиіс, — деді Бердібек Машбекұлы.

Бердібек Сапарбаев Ақтөбенің республика бойынша мал шаруашылығын дамытуға ең қолайлы облыс екенін айтты. Соған қарамастан темірліктер  түйе ұстамайды, жылқы мен қой санының өсуін бақыламайды. Өз сөзінде облыс әкімі темірліктер үшін шағын және орта бизнесті дамытуда Ақтөбе-Атырау бағытында салынып жатқан жол құрылысының ықпалы зор екенін айтты. Актив жиынында облыс әкімі жол құрылысымен айналысушы мекемелерге бірінші кезекте жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, оларға жағдай жасау  тапсырмасы қойылғанын айтқанмен,  алайда темірліктер ауыл іргесіндегі жол құрылысына жұмысқа баруға ықылассыз болып шықты. Қазір ауданда теріс ағымның жетегінде жүргендердің саны азайып келеді. Алайда Б.Сапарбаев ауданның жаңа әкіміне осы бағыттағы жұмысты одан әрі күшейту  қажеттігін тапсырды. Жастар тәрбиесіне мән беру мәселесі де актив жиынында өзекті мәселелердің бірі ретінде айтылды.

Жиын қорытындылаған сөзінде облыс әкімі келер оқу жылында Темір ауданы орталығында жаңа мектеп-интернат пайдалануға берілетінін айтты. Сондай-ақ, ауданда дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталады.

 Арайлым НҰРБАЕВА,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button